«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында сұрыптау желілері бар бес жаңа қоқыс полигоны салынады

«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында сұрыптау желілері бар бес жаңа қоқыс полигоны салынады

Алдағы жылдары Қарағанды облысында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған бес заманауи полигон салынады. Барлық нысандар сұрыптау желілерімен жабдықталады. Олар Абай мен Қарқаралы қалаларында, сондай-ақ Бұқар жырау, Шет және Нұра аудандарында бой көтереді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ерназ Мұқан мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыс аумағында қалдықтарды көмуге арналған 169 нысан бар, бірақ соның тек 53-інде ғана қажетті рұқсат құжаттары бар. Осыған байланысты облыс әкімдігі тиісті құрылымдармен бірлесіп, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Жаңа полигондардың бірі облыстық бюджет есебінен Абай қаласынан 3 шақырым қашықтықта салынуда. Аумағы 10 гектар болатын бұл нысан 25 жыл пайдалануға жарамды деп есептелген. Жылына 15 мың тоннаға дейін қалдық сұрыптауға мүмкіндік береді. 

Полигонды отандық «Artman» компаниясының жабдықтарымен қамтамасыз ету көзделген. Нысанды бес жыл мерзімге «Recycling Service» ЖШС сенімгерлік басқаруына беру жоспарланып отыр. Полигон биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Балқашта жеке инвестициялар есебінен дәл осындай полигон салынып, пайдалануға берілді. Ол да сұрыптау желісімен жабдықталған.

Экология департаментінің мәліметінше, мұндай шаралар өңірде қалдықтарды көму көлемін азайтып, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

— Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында облыстың 13 қала мен ауданында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламалары бекітілді, — деді Ерназ Мұқан. — Биыл Бұқар жырау, Шет және Нұра аудандарында жаңа полигондар салуға арналған жобалар бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар облыста рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасуда. Биыл спутниктік түсірілім арқылы 594 заңсыз қоқыс орыны анықталып, оның 483-і тазартылды.