Қарағандыда Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған ХIII халықаралық жасөспірімдер боксы турнирі басталды. Рингке 14–15 жастағы 400-ге жуық спортшы шықты. Олар Қазақстан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Моңғолия және Чехия елдерінен келген.
Салтанатты ашылу рәсімі Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері, бапкерлер мен шетелдік қонақтар қатысты.
– Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осындай турнирлерде жаңа жұлдыздар пайда болып, болашақ чемпиондар шыңдалады. Дәл осы жерде жас спортшылар өздеріне сенуді және жеңіске жетуді үйренеді, – деді Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысушыларды қарсы алып.
Турнир 2012 жылдан бері өткізіліп келеді – Серік Сәпиевтің Олимпиададағы жеңісінен кейін бірден ұйымдастырылған. Алғашқы облыстық деңгейдегі жарысқа небәрі 90-нан астам боксшы қатысқан болатын. Бір жылдан соң турнир республикалық мәртебе алып, кейін халықаралық деңгейге көтерілді. Бүгінде ол түрлі елдерден келген болашақ чемпиондар үшін алғашқы үлкен сын алаңы саналады.
Өткен жылы Қарағанды облысының құрамасы төрт алтын, жеті күміс және 14 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген еді. Биылғы жарыста да алаң иелері барлық салмақ дәрежесінде 80 спортшыны — 50 ұл және 30 қыз баланы қатыстырды.
Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің директоры Серік Елеуовтің айтуынша, жарыстағы бәсеке өте жоғары, ал команданың мақсаты — тек жеңіс.
Бірінші күні рингке қыздар шықты.
Қарағандылық Арина Словестникова бұған дейін кикбокспен айналысып, жақсы нәтижелер көрсеткен. Бұл жолы ол алғаш рет бокс бойынша бағын сынап, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
– Қарсыласым мықты болды, техникасы жақсы. Жекпе-жекте жеңіске жете алмадым, бірақ көңілім түскен жоқ. Бұл — жақсы тәжірибе. Қателермен жұмыс істеп, алға жылжимын, – деді жас спортшы.
Өзбекстан делегациясының өкілі Илхом Хакимбековтың айтуынша, қарағандылық турнир – беделді жарыстардың бірі. Өзбекстанның жас боксшылары оған жыл сайын қатысады. Биыл бұл елден бес ұл және бес қыз, барлығы 10 спортшы келген.
Жарыс 25 қазанға дейін жалғасады. Жеңімпаздарға медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталады.