Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен  қамтамасыз ету саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету процестерін цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

Іс-шараға Энергетика министрлігінің Цифрландыру департаментінің өкілдері, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ, «Қаражыра» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, көмір нарығының операторлары, Комитеттің аумақтық департаменттері, сондай-ақ Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары қатысты.

Қатысушылар коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге деген тұтыну жоспарын қалыптастырудан бастап, оны жөнелту және көмір операторлары арқылы бөлуге дейінгі барлық негізгі кезеңдерді қамтитын цифрландырудың бизнес-процесін жан-жақты қарастырды. Жылыту маусымы кезеңінде көмір жеткізу процестерінің ашықтығын, қадағалануын және оңтайландырылуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету процестерін цифрландыруға арналған цифрлық дашборд талқыланды. Ол мониторинг тиімділігін арттыруға, басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға және халықты қатты отынмен уақытылы қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалып, цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу қажеттігі расталды. Қатысушылар процестердің ашықтығын арттыру, көмір жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету және коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың қажеттіліктерін уақытылы қанағаттандыру мақсатында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.