
АСТАНА, 2025 жылғы 24 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.
Салтанатты жиында министр энергетика саласындағы жетістіктер елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген мамандардың адал еңбегі мен жоғары кәсібилігінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Сала қызметкерлерінің күн сайынғы еңбегі елді жарықпен, жылумен қамтамасыз етіп, өндіріс орындарын қуатпен жабдықтап, алып елдің көлік артерияларын қозғалысқа келтіріп отыр. Бүгінде біз болашаққа нық сеніммен қарап, жаңа деңгейдегі ауқымды міндеттерді жүзеге асырып жатырмыз. Мұнай-газ кешенін жаңғыртып, қуатты жел және күн электр стансаларын салып, сутегі энергетикасының мүмкіндіктерін зерттеудеміз. Сонымен қатар, халықаралық серіктестік байланыстарды нығайтып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, әлемдік нарықтағы орнын бекітуге күш салудамыз», – деді Е. Ақкенженов.
Мерекелік жиында Президент Жарлығына сәйкес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен еңбек озаттары жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың қатарында «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдерінің иегерлері бар. Сондай-ақ министрлік пен бірқатар кәсіпорын қызметкері «Отын-энергетика кешенін дамытуға қосқан еңбегі үшін» ведомстволық наградасымен, Құрмет грамотасы және алғысхаттармен марапатталды.
Салтанатты рәсім соңында Е. Ақкенженов марапат иелерін құттықтап, ризашылығын білдірді. – Сіздердің еңбектеріңіз – ел игілігі мен болашағының берік негізі. Сіздердей кәсіби мамандармен бірге жұмыс істейтініме мақтанамын, – деді ол.