
Омар Дәулетов - еңбек жолын мұнай тасымалына арнаған еңбек адамы. Ол 33 жылдан бері «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасы Апатты қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы болып, елдің мұнай тасымалы саласының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.
Желілік құбыршының жұмысы үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты, төзімділікті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Құбыр желілерінің қалыпты жұмыс істеуі, ақаулардың алдын алу, құбыр ақауын жөндеуге қатысу, белгіленген талаптардың сақталуы - маманның күнделікті міндетінің бір бөлігі. Әр іс дәлдік пен тиянақтылықты қажет етеді.
Омар Дәулетов өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тапсырманы сапалы орындауды, әріптестеріне қолдау көрсетуді және еңбек қауіпсіздігін сақтауды басты қағида санайды. Жауапкершілік, еңбексүйгіштік, адалдық – оның кәсіби жолында қалыптасқан басты қасиеттер.
Осы жылдар ішінде ол талай ұзақ іссапарларды, жыл он екі ай далада түрлі өндірістік жұмыстарды бастан өткерді. Оның жинаған тәжірибесі жас мамандар үшін бүгінде үлкен мектепке айналды. Өз ісін жақсы білетін, тәжірибесін бөлісуге дайын аға буын өкілі ретінде әріптестерінің құрметіне бөленді.
Биыл Омар Дәулетовтің көп жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оның еңбек жолы – бір салада табандылықпен қызмет етудің, маңдай термен келген тәжірибенің және адал еңбектің жарқын үлгісі.