Қазақстан мен Ұлыбритания энергетикадағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан мен Ұлыбритания энергетикадағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Астанада Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаровтың Ұлыбритания Премьер-министрінің Орталық Азия бойынша сауда өкілі Томас Алдердайспен кездесуі өтті.

Тараптар энергетика саласындағы Қазақстан-Британ ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, оның ішінде британдық бизнеспен өзара іс-қимылды кеңейту, инвестициялар тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Жаңартылатын энергия көздері, оның ішінде гидроэнергетика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ жасыл сутегі және таза энергетиканың басқа да бағыттарындағы жобаларды дамытуға ерекше назар аударылды.

Вице-министр энергетикалық жобаларды іске асыру үшін британдық тәжірибені, технологиялық сараптаманы және инвестицияларды тартуға Қазақстанның қызығушылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар заманауи технологиялар, қаржыландыру және энергетикалық жүйелердің өзара байланысын дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Бұдан бөлек, энергетикалық жүйелердің өзара байланысы саласындағы әлеуетті арттыру жөніндегі семинарды өткізуге дайындық барысы талқыланды. Семинарды қараша айында өткізу жоспарланған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, британдық бизнестің қатысуын кеңейтуге және энергетика саласында өзара тиімді инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.