Энергомин мен Kimmeridge инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Энергомин мен Kimmeridge инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады


Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Kimmeridge компаниясының басқарушы директоры, Абу-Дабидегі кеңсесінің басшысы Фейсал Бенджеллунмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар энергетика секторын дамытудың өзекті мәселелерін, инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ саласында жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесуде әлемдік энергетика нарығы дамуының ұзақмерзімді үрдістеріне, мұнай-газ секторының инвестициялық әлеуетіне және өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына ерекше назар аударылды. Тараптар саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестициялар тарту және заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша пікір алмасты.

Ерлан Ақкенженов Қазақстанның халықаралық инвестициялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге және энергетика секторына ұзақмерзімді инвестициялар тартуға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын одан әрі зерделеуге өзара мүдделі екенін растады.

Kimmeridge – энергетика секторына маманданған америкалық инвестициялық компания. Компания негізінен өзіндік құны төмен мұнай-газ активтері мен инфрақұрылымдық жобаларға, сондай-ақ энергетикалық көшу жобаларына инвестиция салады.