Жылыту маусымына дайындық аясында 17 мың шақырымнан астам электр желісі жөнделді

Жылыту маусымына дайындық аясында 17 мың шақырымнан астам электр желісі жөнделді

Алдағы жылыту маусымына энергетикалық кәсіпорындардың, электр және жылу желілерінің дайындығы мәселелері Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жанындағы Республикалық штабтың кезекті отырысында қаралды.

Отырысқа өңірлер әкімдіктерінің басшылығы, «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ЦАЭК», «Қазақстан темір жолы», «QazaqGaz Aimaq», «ҚазМұнайГаз», «Қаражыра», «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамдарының, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС-нің, сондай-ақ еліміздің энергетикалық кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Жазғы кезеңде еліміздегі энергетика нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда электр станцияларында негізгі жабдықтардың 50 бірлігін, оның ішінде 4 энергия блогын, 28 қазандықты және 18 турбинаны күрделі жөндеу толық аяқталды. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 26 қазандықта және 21 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жылу желілерін жылыту маусымына дайындау аясында жоспарланған 377 шақырым жөндеу жұмыстарының 334 шақырымында немесе 88,6%-ында жұмыстар толық аяқталды.

Электр желілерінде де ауқымды жұмыстар жүргізілді. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жоспарланған электр беру желілерін күрделі жөндеу көлемі – 17 мың шақырымнан астам желі толық орындалды. Сонымен қатар жоспарланған 444 қосалқы станцияның 426-сында, сондай-ақ 3 408 тарату және трансформаторлық пункттің 3 385-інде жөндеу жұмыстары аяқталды.

Осылайша, жылыту маусымын бастау үшін негізгі станциялық жабдықтардың қажетті құрамы қалыптастырылды, сондай-ақ отынның нормативтік қоры қамтамасыз етілді. Электр және жылу желілерін дайындау жұмыстары аяқталу сатысында.

«Жылыту маусымына дайындық жоспарлы режимде жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының негізгі көлемі орындалды. Қазіргі уақытта қалған іс-шараларды аяқтап, жабдықтар мен желілердің дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды уақтылы тапсыру қажет», – деді Комитет төрағасы Ержан Ертаев.

Ерекше бақылауда тұрған нысандарға жеке назар аударылды. Олардың әрқайсысы бойынша нақты міндеттер мен оларды орындау мерзімдері белгіленді. Қалған жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау, қажетті материалдар мен жабдықтарды жеткізуді, сондай-ақ персоналды жұмылдыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік штабтарға дайындықтың қорытынды кезеңіне бақылауды күшейту және энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жылыту маусымын бастауға толық дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.