Энергомин мен Abu Dhabi Commercial Bank Қазақстандағы энергетикалық жобаларды қаржыландыру перспективаларын талқылады

Энергомин  мен Abu Dhabi Commercial Bank Қазақстандағы энергетикалық жобаларды қаржыландыру перспективаларын талқылады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Абу-Даби коммерциялық банкінің (Abu Dhabi Commercial Bank, ADCB) делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді. Делегацияны ADCB аға банкирі, ADCB Islamic (Қазақстан) Директорлар кеңесінің төрағасы Фарук Абдулрахман Аль Марзуки басқарды.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан аумағындағы ірі энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға БАӘ қаржы институттарының қатысуын талқылау болды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерін берік әріптестік қатынастар байланыстыратыны атап өтілді. Оның табысты мысалдарының бірі – Masdar компаниясымен бірлесіп Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасы.

Қазақстан тарапы ADCB өкілдеріне алдағы 3–5 жылға арналған энергетика саласындағы негізгі инвестициялық басымдықтарды таныстырды. Негізгі бағыттардың қатарында ұзындығы 77,5 мың шақырым электр желілерін ауқымды жаңғырту, 2035 жылға дейін қосымша 8,4 ГВт жаңартылатын энергия көздері қуаттарын іске қосу, сондай-ақ Қашаған мен Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарында газ өңдеу инфрақұрылымын дамыту бар.

Келіссөздер барысында қосылған құны жоғары жобаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін ірі интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар бутадиен және алкилат өндіру жобалары, сондай-ақ еліміздің мұнай өңдеу қуаттарын одан әрі кеңейту жоспарлары талқыланды.

Энергетика министрлігі Abu Dhabi Commercial Bank-ті аталған бастамаларды қолдауға тартуға мүдделі екенін білдірді. Ынтымақтастықтың ықтимал тетіктері ретінде жобалық қаржыландыру құралдары, бірлескен кредиттік желілер, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұсынылды. Қазақстанда ADCB Islamic еншілес құрылымының болуы ескеріліп, исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалану перспективалы бағыттардың бірі ретінде аталды.

Өз кезегінде, ADCB өкілдері Қазақстанның энергетика секторындағы 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық жоспарларымен және жеке капиталдың қатысу мүмкіндіктерімен танысып, ұсынылған жобаларды одан әрі егжей-тегжейлі зерделеуге дайын екенін білдірді.