Энергетика министрлігі МАЭК-тің алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылауда

Энергетика министрлігі МАЭК-тің алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылауда


Ақтау, 2026 жылғы 20 шілде. МАЭК нысандарында күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясындағы жөндеу науқаны жалғасуда. Негізгі назар жөндеу жұмыстарының кестесін сақтауға және Маңғыстау облысының энергетикалық инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға аударылған.

Кәсіпорынның алдағы жылыту маусымына дайындығын Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірге жұмыс сапары барысында жеке өзі тексерді.

Қазіргі уақытта МАЭК жылу электр орталығында №1 энергия блогында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын мамандары жабдықтардың сенімді жұмысын арттыруға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Негізгі жұмыстарды шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар МАЭК нысандарындағы негізгі жабдықтарды жөндеу науқаны жалғасып жатыр. Кейбір агрегаттар бойынша қосымша техникалық іс-шараларды орындау қажеттілігіне байланысты жұмыс кестесіне түзетулер енгізілді. Энергетика министрі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Қазіргі басты міндет – жөндеу науқанын белгіленген мерзімде аяқтау. Жабдықтарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау кестесінен ауытқуға жол беруге болмайды. Барлық қажетті шешімдер жедел қабылдануы тиіс, ал жұмыстардың орындалуы Министрлік пен облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады», – деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру мақсатында жылу электр орталығындағы АТ-1 автотрансформаторын ауыстыру жобасы жалғасуда. Жаңа жабдықтың жеткізілуі 2026 жылғы тамыз айына жоспарланған, ал монтаждау жұмыстарын қыркүйек айында бастау көзделіп отыр.

Сондай-ақ МАЭК нысандарының салқындату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Энергетикалық нысандарға техникалық су жеткізетін су арналарының өткізу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстардың орындалуы да Энергетика министрлігінің, кәсіпорынның және өңірлік атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.