
Бірінші жартыжылдықта еліміздің электр энергетикасы саласында, оның ішінде жаңартылатын көздер есебінен генерацияның өсуі тіркелді. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
«6 айдың қорытындысы бойынша 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9% құрады. Осы жылға арналған болжам – 126,5 млрд кВтсағ. Электр энергиясының тапшылығын азайту үшін, осы жылы шамамен 2,66 ГВт энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарлануда. Бұл Алматы қаласындағы екінші және үшінші жылу электр орталығының жаңғыртылуы, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, Атырау жылу электр орталығында №11 турбиналық агрегатын және №15 қазандығын іске қосу, Текелі энергокешенінде 3 қазан-пайдалану қазандығын және генератормен бу турбинасын енгізу, сондай-ақ жиынтық қуаты 245,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің нысандары», — деді министр.
Оның айтуынша, Қызылорда облысында газ турбиналы қондырғы (ГТҚ) (240 МВт) және ЖЭК саласындағы 7 жоба (212,6 МВт) пайдалануға берілген. Жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру көлемі 21,2%-ға өсіп, 5,1 млрд кВтсағ құрады.