
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері жөніндегі Салалық кеңестің отырысы өтті.
Іс-шараға Энергетика министрлігі,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КЕАҚ, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының өкілдері, сондай-ақ салалық компаниялар, білім беру ұйымдары мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Отырыс барысында қарқынды дамып келе жатқан ЖЭК секторына мамандар даярлау, кәсіби стандарттарды әзірлеу және білім беру бағдарламаларын өзектендіру мәселелері қаралды. Қатысушылар энергия жинақтау жүйелері, сутегі энергетикасы және энергетика саласындағы цифрлық шешімдер сияқты жаңа технологиялық бағыттарды ескере отырып, кадрлар даярлаудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Сарапшылардың мәліметінше, салалық және өңірлік Жаңа кәсіптер атластарында ЖЭК саласы бойынша сегіз перспективалы мамандық айқындалған. Алайда қазіргі уақытта елімізде еңбек нарығының қажеттіліктері мен білім беру бағдарламалары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін бейінді кәсіби стандарттар жоқ.
Отырыс қорытындысы бойынша саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында кәсіби стандарттарды әзірлеу, білім беру бағдарламаларын жаңарту және мемлекеттік органдар, салалық компаниялар, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды.