Орталық Азия елдерінің энергетиктері ЖЭК-ті энергия жүйелеріне интеграциялау бойынша тәжірибе алмасты

Орталық Азия елдерінің энергетиктері ЖЭК-ті энергия жүйелеріне интеграциялау бойынша тәжірибе алмасты

Шымкент қаласында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) тарату электр желілеріне интеграциялау мәселелеріне арналған өңірлік тәжірибе алмасу бағдарламасы өтті. Оқытуға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 45 маман қатысты. Бағдарлама жұмысына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Тұрар Әлімжан қатысты.

Оқыту Германия Үкіметінің тапсырмасы бойынша GIZ ұйымы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда жүзеге асырып жатқан EU4Sustainable Central Asia: «Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері» (EURECA) өңірлік жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Германияның Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігі (BMZ) тарапынан қаржыландырылып, Еуропалық одақтың Global Gateway стратегиясы шеңберінде бірлесіп қаржыландырылады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып келе жатқан жағдайда энергетика саласы мамандарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту.

Екі күндік оқыту барысында қатысушылар бөлінген генерацияны интеграциялаудың заманауи тәсілдерін, нормативтік-құқықтық реттеуді, ЖЭК нысандарын электр желілеріне қосудың техникалық талаптарын, тарату желілерін цифрландыру, электр энергиясын зияткерлік есепке алу жүйелері, сондай-ақ электрмен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету тетіктерін қарастырды. Сонымен қатар Қазақстанның бөлінген күн энергетикасын дамытудағы практикалық тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Бағдарламаның практикалық бөлігінде қатысушылар Оңтүстік Қазақстандағы күн энергетикасы нысандары мен тарату электр желілеріне техникалық сапар жасап, ЖЭК нысандарын қосу және пайдалану бойынша қолданыстағы шешімдермен танысты, сондай-ақ энергетика саласына заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен алмасты.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Махамбет Айдар компанияның жаңартылатын энергия көздерін тарату желілеріне интеграциялау тәжірибесін таныстырып, қолданылып жатқан техникалық шешімдер туралы баяндады және Орталық Азия елдерінен келген әріптестердің сұрақтарына жауап берді.

Осындай іс-шаралар мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, халықаралық озық тәжірибені енгізуге және Орталық Азия елдері арасындағы орнықты энергетиканы дамыту бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.