«Таза көмірден» Siemens технологияларына дейін: Ерлан Ақкенженов Германияның Экономика және энергетика федералдық министрі Катарина Райхемен кездесті

«Таза көмірден» Siemens технологияларына дейін: Ерлан Ақкенженов Германияның Экономика және энергетика федералдық министрі Катарина Райхемен кездесті

Астана, 2026 жылғы 29 маусым – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрі Катарина Райхе технологиялық әріптестікті кеңейту және энергетикалық инфрақұрылымға инвестициялар тарту мәселелерін талқылады. Кездесу «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында өтті.

Келіссөздер барысында тараптар Германиядағы негізгі өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірістік сұранысын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық мұнай жеткізілімін одан әрі дамыту мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды. Экспорттық тасымалдардың логистикасы қазіргі макроэкономикалық жағдайларға сәйкес жедел бейімделуде: коммерциялық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан мұнай ағындарын Каспий құбыр консорциумы жүйесіне икемді түрде қайта бағыттап, баламалы транзиттік бағыттарды белсенді пайдаланып келеді.

Ерлан Ақкенженов неміс бизнеспен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобаларды жоғары бағалады. Бүгінде еуропалық инженерлік шешімдер еліміздің энергетика саласына табысты енгізілуде. Атап айтқанда, Siemens Energy концерні Алматы қаласы мен Түркістан облысында салынып жатқан жаңа генерация нысандарын заманауи газ турбиналарымен бекітілген кестеге сәйкес жабдықтап жатыр.

Тұрақты даму бағытындағы негізгі мәселелердің бірі ретінде Маңғыстау облысында Svevind Energy компаниясы іске асырып жатқан Hyrasia One жобасы қаралды. Жоба іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 миллион тоннаға дейін экологиялық таза сутегі өндіріліп, алдағы онжылдықта Еуропалық одақтың импорттық сұранысының шамамен 20 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қазақстан мен Германия арасындағы энергетикалық ынтымақтастық өзара тиімді экономикалық әріптестік қағидаттарына негізделіп дамып келеді. Қазақстанның табиғи ресурстары мен Германияның озық технологияларын ұштастыру арқылы біз ұзақ мерзімді әрі сенімді энергетикалық ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырып жатырмыз», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан экономикасындағы неміс инвестициялық жобаларын тиімді іске асыру мақсатында техникалық және экономикалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты.