
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық мәдениетін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын сақтау мәселелеріне арналған дәріс өтті.
Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі шектеулер жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, тікелей бағыныстылық болған жағдайда жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың және жекжаттардың бірлесіп қызмет атқаруына тыйым салу, мемлекеттік қызметке үміткерлердің мемлекеттік органда жұмыс істейтін туыстары туралы хабарлау міндеті, сондай-ақ мұндай талаптар бұзылған жағдайда қолданылатын шаралар кеңінен баяндалды.
Сонымен қатар қатысушыларға педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті, резервтегі әскери қызметті қоспағанда, өзге ақы төленетін қызметпен айналысуға, лауазымдық міндеттерінен тыс шаруашылық жүргізуші субъектілерді басқаруға қатысуға, сондай-ақ ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға тыйым салынатыны еске салынды.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау мемлекеттік қызметке кірудің міндетті шарттарының бірі екені, ал оларды сақтамау заңнамада көзделген жауапкершілікке, оның ішінде қызметтен босатуға әкеп соғатыны атап өтілді.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қызметінде заңдылық, ашықтық және адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.