
Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына электр және жылу энергетикасы нысандарының дайындығын тексерді.
Жұмыс сапары Шахтинск ЖЭО-сынан басталды. Биыл станцияда екі қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізілуде. Комитет төрағасы жөндеу науқанының барысымен және күзгі-қысқы кезеңдегі станцияның сенімділігін арттыру жөніндегі шаралармен танысып, жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Келесі нысан Саран қаласының қазандық кешені болды. Сапар барысында жылу көзінің қысқы маусымға дайындығы, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі, жөндеу бағдарламасының орындалуы және жабдықтардың ең жоғары қысқы жүктемелерге дайындығы қаралды.
Қарағандыда Ержан Ертаев ЖЭО-3-тегі жөндеу науқанының барысымен және станцияны кеңейту жобасының, яғни жаңа қазандық агрегаты мен турбоагрегат құрылысының жүзеге асырылуымен танысты. Жоба аяқталғаннан кейін ЖЭО-3-тің электр қуаты 140 МВт-қа, ал жылу қуаты 180 Гкал/сағатқа артады. Сонымен қатар станцияда бір қазандық агрегаты мен бір турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілуде.
Сондай-ақ Комитет төрағасы биыл пайдалануға берілген «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясына барды. Бұл нысан Қарағанды қаласының ірі аудандарының бірін электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, жаңа тұтынушыларды қосуға қажетті қуат резервін қамтамасыз етеді.
Жұмыс сапарының негізгі нысандарының бірі Теміртау қаласында МЭКС ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ТМ-3 жылу магистралін реконструкциялау жобасы болды. Нысанның жалпы ұзындығы 4,1 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 60%-ы аяқталған. Комитет төрағасы құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, мердігер ұйым мен жауапты тұлғаларға бекітілген кестені қатаң сақтауды және жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында ерекше назар ерекше бақылауда тұрған ГРЭС-1 станциясына аударылды. Нысанда жөндеу бағдарламасының іске асырылу барысы, оның ішінде қазандық агрегатына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу қаралды. Комитет төрағасы жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындауды, жөндеу қарқынын күшейту үшін қажетті ұйымдастырушылық шараларды қабылдауды, материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдыруды, өндірістік бақылауды күшейтуді және барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.