Энергетика министрлігі ACEF 2026 форумында таза энергетиканы дамыту бастамаларын таныстырды

Энергетика министрлігі ACEF 2026 форумында таза энергетиканы дамыту  бастамаларын таныстырды

Манила қаласында энергетикалық ауысу, экономиканы көміртексіздендіру және заманауи энергетикалық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған Asia Clean Energy Forum 2026 (ACEF 2026) халықаралық форумы өтті. Форумды Asian Development Bank (ADB) ұйымдастырды.

2026 жылы форумның негізгі тақырыбы «Beyond Transition: Building Secure, Resilient, Inclusive and Intelligent Energy Systems» тұжырымдамасы болды. Оның аясында халықаралық сарапшылар таза энергетиканы дамыту, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық жүйелердің орнықтылығын арттыру және жаһандық энергетикалық ауысу жағдайында жаңа технологиялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады.

Форум барысында жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту, оларды энергетикалық жүйелерге ықпалдастыру тетіктерін жетілдіру, энергия жинақтау технологияларын дамыту, желілік инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіпті көміртексіздендіру, сондай-ақ төмен көміртекті және баламалы энергетикалық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің атынан «Power and Industry Transformation: Lessons from ADB’s Energy Transition Mechanism to Industrial Decarbonization» тақырыбындағы сессияда Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары Балтуған Дәулетқызы Тажмакина спикер ретінде сөз сөйледі.

Өз баяндамасында ол Қазақстанда климаттық мақсаттар, экономикалық орнықтылық және елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігі арасындағы теңгерімді сақтауға негізделген кезең-кезеңімен энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан тәсілдерді таныстырды.

Сондай-ақ жаңартылатын және баламалы энергетика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, энергетика секторында төмен көміртекті технологияларды кеңінен енгізуге қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмыстарға ерекше тоқталды.

Баяндама барысында жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту энергетикалық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуды талап ететіні атап өтілді. Бұл бағытта маневрлік генерацияны дамыту, энергия жинақтау жүйелерін енгізу және тұрақты энергетикалық жүйені қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде жылумен жабдықтау секторына жаңа технологиялық шешімдерді енгізу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар Қазақстанның жылу энергетикасы секторын жаңғырту бағытындағы жұмыстары, оның ішінде энергия тиімділігін арттыруға, көміртегі ізін кезең-кезеңімен азайтуға және заманауи энергетикалық технологияларды енгізуге бағытталған жылу инфрақұрылымын дамытуды ұзақ мерзімді жоспарлаудың жаңа тетіктері таныстырылды.

Asia Clean Energy Forum 2026 форумына қатысу Қазақстанның жаңартылатын және баламалы энергетиканы дамыту, сондай-ақ энергетика секторын ұзақ мерзімді трансформациялау шеңберінде заманауи төмен көміртекті технологияларды енгізу жөніндегі дәйекті саясатын халықаралық сарапшылар қауымдастығына таныстыруға кезекті мүмкіндік болды.