
Астана, 2026 жылғы 11 маусым – Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов халықаралық Fitch Ratings рейтингтік агенттігінің өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның мұнай-газ және энергетика салаларының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, саланың инвестициялық тартымдылығы, экспорттық логистика мәселелерін, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысын талқылады.
Сонымен қатар мұнай-газ секторына шетелдік инвестицияларды тарту перспективалары қаралды. Қазақстанның геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы, көмірсутек шикізатын өңдеу және заманауи технологияларды енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екені атап өтілді.
Тараптар Қазақстанның энергетика секторының ұзақ мерзімді даму перспективаларын объективті бағалау үшін сындарлы диалогты сақтаудың және өзекті салалық ақпаратпен алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласын дамыту және Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуетін нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және сарапшылық диалогты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.