Теңіздегі газ бөлу кешенінің құрылысы қарқын алуда

Теңіздегі газ бөлу кешенінің құрылысы қарқын алуда

Жұмыс сапары аясында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов KMG PetroChem компаниясының кеңсесіне барып, Теңіз кен орнындағы газ бөлу кешенін салу жобасының іске асырылу барысы туралы есеппен танысты. Сонымен қатар, компания басшылығы KMG PetroChem-тің перспективалы жобаларының мәртебесі жөнінде ақпарат ұсынды.

Қазіргі уақытта газ бөлу кешені жобасы белсенді кезеңде жүзеге асырылуда: құрылыс алаңында 8 мыңнан астам қада қағылып, кешеннің негізгі нысандары орналасатын аумақты дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы орындалу деңгейі 14 пайыздан асты.

Сонымен қатар, жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Жабдықтар мен құрылыс материалдарының бір бөлігі отандық кәсіпорындарда өндірілуде. Атап айтқанда, пропан сақтауға арналған буллиттерді, электр энергиясын тарату станцияларын, көміртекті болаттан жасалған колонналарды, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды, сыртқы қаптамасы бар құбырларды, қадаларды және басқа да өнімдерді өндіруге тапсырыстар орналастырылған.

Бүгінде құрылыс алаңында 1300-ден астам адам еңбек етуде, олардың 70 пайыздан астамы – Атырау облысының тұрғындары.

Жоба «Силлено» полиэтилен зауытын қажетті шикізатпен – жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Этан «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газдан бөлініп алынады.

Магистральдық құбыржолдар жобасы бойынша 2025 жылдың соңында EPC-мердігер анықталды. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары (жұмыс жобасы) қарқынды жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Сонымен қатар, вице-министрге компанияның терефтал қышқылы (ТФҚ)/полиэтилентерефталат (ПЭТФ), желілік алкилбензол (LAB) және карбамид өндіру бойынша перспективалы жобаларының іске асырылу мәртебесі таныстырылды.