
Астана, 2026 жылғы 21 мамыр — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Eurasian Energy бағыты бойынша вице-президент Мэттью Сейгерс бастаған халықаралық S&P Global агенттігінің делегациясымен кездесті.
Кездесудің негізгі тақырыптары жаһандық сауда ағындарының трансформациясы, энергетикалық нарықтардағы баға құбылмалылығы және әлемдік энергетикалық ауысымның перспективалары болды.
ҚР Энергетика министрі көмірсутек шикізаты алдағы ұзақ жылдар бойы жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің негізі болып қала беретінін атап өтті.
Қазіргі экономикалық сын-қатерлер жағдайында Қазақстан үшін энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мұнай-газ кешеніне инвестициялар тарту және экономиканы кезең-кезеңімен декарбонизациялау басымдық болып қала береді. Сонымен қатар республика шетелдік серіктестер үшін сенімді әрі болжамды энергия ресурстарын жеткізуші мәртебесін дәйекті түрде нығайта отырып, өзінің сараланған бағытын жалғастыруда.
Тараптар АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен CERAWeek 2026 беделді аналитикалық алаңының нәтижелерін, сондай-ақ форум аясында қазақстандық тараптың агенттіктің вице-төрағасы Дэниел Ергинмен жүргізген келіссөздерінің қорытындыларын жоғары бағалады.
Кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов пен Мэттью Сейгерс ақпараттық-талдамалық әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады. Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары ретінде мұнай-газ секторындағы макроэкономикалық болжау және жаһандық инвестициялық трендтерге сараптамалық баға беру айқындалды.