
21 мамырда Энергетика министрлігі Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп, жылу энергетикасы саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері бойынша білім беру семинарын өткізді.
Іс-шара аясында жылу желілерін құбырішілік диагностикалаудың заманауи тәсілдері, цифрлық егіздерді енгізу, жасанды интеллектті қолдану және жылумен жабдықтау инфрақұрылымын предиктивті басқаруды дамыту мәселелері талқыланды. Ерекше назар Шымкент қаласының тәжірибесіне аударылды. Мұнда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, жылу желілерін құбырішілік диагностикалау бойынша пилоттық және өндірістік жоба іске асырылды. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша оның практикалық тиімділігі расталып, қол жеткізілген экономикалық әсер 76,2%-ды құрады.
Іс-шараның негізгі мақсаттары жобаны іске асыру нәтижелерін көрсету, құбырішілік диагностика және жасанды интеллект технологияларын қолданудың практикалық аспектілерін талқылау, тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өңірлерінде цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу және ауқымдау бойынша ұсыныстар әзірлеу болды.
Семинар барысында жылу энергетикасын цифрландырудың халықаралық тәжірибелері, жылу желілерін диагностикалау саласындағы заманауи шешімдер таныстырылып, нормативтік-құқықтық базаны одан әрі дамыту, жылу желілерін пайдалану сенімділігін арттыру және жылумен жабдықтау инфрақұрылымын басқарудың тәуекелге бағдарланған әрі предиктивті тәсілдерін дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектілерінің, халықаралық және ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің салалық сарапшылары қатысты.