Атырауда мұнай-газ саласының алғашқы медиафорумы — ENERGY REGION TALKS өтті

Атырауда мұнай-газ саласының алғашқы медиафорумы — ENERGY REGION TALKS өтті

Атырау қаласында мұнай-газ саласындағы өңірлік коммуникацияларға арналған алғашқы «ENERGY REGION TALKS» форумы өтті. Жаңа алаң Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, ірі мұнай-газ компанияларының және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қоғаммен ашық әрі жедел өзара іс-қимыл стандарттарын талқылау үшін біріктірді.

Форумның Атырау облысында өтуі заңды құбылыс. Өйткені бұл өңір Қазақстандағы мұнай өндірісінің шамамен 60%-ын қамтамасыз етеді. Дәл осы жерде саланың ашықтығына, экологиялық қауіпсіздікке және ірі өндірістік жобалардың әлеуметтік жауапкершілігіне деген қоғамдық сұраныс жоғары.

Форумға қатысушылар бүгінгі таңда мұнай-газ саласының беделі тек экономикалық көрсеткіштер арқылы ғана емес, қоғаммен коммуникация сапасы, шешімдердің ашықтығы, экологиялық жауапкершілік және жергілікті қауымдастықтармен тұрақты диалог арқылы қалыптасатынын атап өтті.

Форум жұмысына ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Әсел Серікпаева қатысып, саланың жаңа коммуникациялық архитектурасының негізгі қағидаттарын таныстырды. Ол өз сөзінде ақпараттық кеңістіктегі барлық қатысушылардың үйлесімді әрі жедел әрекет етуінің маңызын атап өтті.

«Қоғамның мұнай-газ саласындағы оқиғаларға сезімталдығы артып отырған жағдайда мемлекеттік органдар, жер қойнауын пайдаланушылар мен баспасөз қызметтері біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі аса маңызды. Бізде бірыңғай ұстаным, ортақ ақпараттық кеңістік және кез келген оқиғаға барынша жедел әрекет ету болуы тиіс. Бүгінде коммуникацияның жылдамдығы мен нақтылығы салаға деген сенім деңгейіне тікелей әсер етеді», — деді Әсел Серікпаева.

Пікірталастар аясында өңірлік салалық журналистиканы дамыту, компаниялардың HR-брендін қалыптастыру, ірі өндірістік жобаларды іске асыру кезеңіндегі коммуникациялар, әлеуметтік бастамалардың және жергілікті қауымдастықтардың рөлін күшейту, сондай-ақ өңірлік PR-мамандар мен медианы стейкхолдерлермен жұмысқа тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар халықпен түсінікті тілде коммуникация жүргізудің маңызын да атап өтті. Күрделі инженерлік және өндірістік үдерістерді қарапайым тілмен түсіндіру қоғам сенімін нығайтып, жалған ақпараттың таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде мұнай-газ өңірлеріндегі сенім мұнай мен газ секілді стратегиялық ресурсқа айналып отыр. Оны тек ашықтық, жауапкершілік және қоғаммен үздіксіз диалог арқылы қалыптастыруға болады», — деді «Magunaly Business» ЖШС-нің бас директоры Лаура Сүлейменова.

Форум жұмысына Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «QazaqGaz» ҰК АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC компанияларының өкілдері, сондай-ақ өңірлік редакциялардың журналистері қатысты.

Сондай-ақ өңірлік БАҚ-тың дезинформацияға қарсы іс-қимылдағы және халық, мемлекет пен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы сенімді қалыптастырудағы маңызды рөлі ерекше аталды.

Форум алаңында экономика мен өңірлердегі әлеуметтік ахуалға тікелей әсер ететін ауқымды өндірістік жобаларды — «үлкен құрылыстарды» коммуникациялық сүйемелдеу мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, жергілікті қауымдастықтардың үміт-тілектерімен жұмыс істеу және репутациялық тәуекелдерді азайту тетіктері қарастырылды.

Форумды «Magunaly Business» агенттігі ұйымдастырды. Іс-шара ҚР Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және стратегиялық әріптестіктерді дамыту жөніндегі «Petrocouncil» кеңесінің қолдауымен өтті. Форумның бас серіктесі — «Теңізшевройл» ЖШС. Өңірлік коммуникациялар алаңын сондай-ақ «AVC Group» ЖШС, «МЭР» ЖШС және «TransCaspian Cargo» ЖШС секілді мұнай сервистік компаниялар қолдады.

Салааралық ашық диалог тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасады. Қазіргі уақытта «Petrocouncil»-мен бірлесіп, мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай Астана қаласында өтетін келесі ірі медиафорумға дайындық басталып кетті.