
Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Air Products компаниясының Еуропа және Африка бойынша президенті Ива Болспен кездесу өткізді. Кездесу барысында еліміз аумағында инвестициялық жоспарлар мен жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар талқыланды.
Кездесу аясында компания өкілдері мұнай-газ және мұнай-химия салаларындағы бастамаларын таныстырды, соның ішінде ілеспе газды өңдеу жобалары да бар. Бұл бағыттар әлеуетті қызығушылық тудыратыны және саланы дамытудың ұлттық басымдықтарын ескере отырып қарастырылуы мүмкін екені атап өтілді.
Энергетика министрлігі газ саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және ресурстық базаның тұрақтылығын сақтау стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Әсіресе шикі газды, оның ішінде Қашаған кен орнынан алынатын газды ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылып, ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету басымдық ретінде белгіленді.
Талқылау барысында 2025 жылдан бастап North Caspian Operating Company операторы мен Air Products компаниясы арасында Қашаған жобасы аясында 6 млрд текше метрге дейін ілеспе газды өңдеу мүмкіндігі бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер туралы ақпарат айтылды. Министрлік мұндай бастамалардың мемлекеттік органдармен үйлестірілуі қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Теңіз кен орнының қолда бар өндірістік қуаттарын Қашаған жобасын одан әрі игеру шеңберінде пайдалану тұжырымдамасының ағымдағы пысықталу мәртебесі қаралды. Оператордың бағалауынша, бұл тәсіл капиталдық шығындар тұрғысынан экономикалық тиімді болуы мүмкін.
Энергетика министрлігі Air Products компаниясының «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» ұлттық компанияларының қатысуымен әртүрлі ынтымақтастық форматтарын қарастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру және ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытты.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен сындарлы диалогқа ашық екенін атап өтті.