
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің отырысында Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз жобалары бойынша реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды арттыру мәселесі талқыланды. Жиында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров баяндама жасады.
Вице-министр жергілікті мазмұнды дамыту мен отандық өндірісті қолдаудың мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл шаралар өнеркәсіптік әлеуетті нығайтып, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болады. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі ірі мұнай-газ жобаларының операторлары – Солтүстік Каспий жобасының операторы (НКОК), Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны (КПО) және Теңізшевройл (ТШО) ЖШС-мен бірлесіп, ел ішіндегі қосылған құнды арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау үшін тендерлік рәсімдерге өзгерістер енгізілді. Жергілікті қамтуды дамыту бағдарламалары бекітіліп, жыл сайынғы өсім көрсеткіштері айқындалды. Отандық өндірушілермен 35,8 млрд теңгеге ұзақмерзімді келісімшарттар жасалды. Сонымен қатар, Мұнай-газ машина жасау форумы аясында 443 млн АҚШ долларына 33 келісімшарт және 12 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жер қойнауын пайдаланушылар өткен жылы жалпы 4,664 трлн теңгеге сатып алу жүргізді. Оның 65,1%-ы немесе 3,037 трлн теңге ел ішіндегі қосылған құн үлесі. Үш ірі оператор жалпы сатып алулардың 60,8%-ын жүзеге асырды. Атап айтқанда, Солтүстік Каспий жобасы операторының сатып алулары 453 млрд теңге (жергілікті мазмұн үлесі 70,2%), Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны – 602,8 млрд теңге (61%), «Теңізшевройл» ЖШС-сы – 1 780,9 млрд теңге (51%) құрады.
Жергілікті қамту үлесі, әсіресе қызметтер мен жұмыстар бойынша, тұрақты өсіп келеді. Дегенмен, отандық тауар үлесін одан әрі арттыру қажет. Операторларға жыл соңына дейін жергілікті қамтуды дамыту бағдарламаларында белгіленген мақсатты көрсеткіштерге жету тапсырылды.
2026 жылға арналған басым бағыттар қатарында операторлармен жұмыс кездесулері мен келіссөздерді күшейту, ынтымақтастық туралы меморандумдарды нақты келісімшарттарға айналдыру және өндіріс пен технологияларды Қазақстанда локализациялау көзделген. Сондай-ақ ұзақмерзімді және оффтейк-келісімшарттарды кеңейту, Қарашығанақ жобасында E-procurement электрондық сатып алу жүйесін енгізу, «PSA» ЖШС және IMB орталығымен ынтымақтастықты дамыту жоспарланған.
Мұнай-газ машина жасау форумын, ашық есік күндерін өткізу және отандық өндірістік алаңдарға бару тәжірибесі де жалғасады. Бұл шаралар қазақстандық мазмұн үлесін тұрақты түрде арттырып, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен бірге мұнай-газ саласының ұлттық экономиканы дамытуға қосқан үлесі ұлғаяды.