Мұнай, Siemens және сутегі: Қазақстан мен Германия энергетикалық әріптестікті нығайтуда

Мұнай, Siemens және сутегі: Қазақстан мен Германия энергетикалық әріптестікті нығайтуда

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Баварияның (ГФР) халықаралық ынтымақтастық пен Еуропа мәселелері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгермен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Бавария арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе, қазақстандық мұнай жеткізілімдерін дамытуға ерекше назар аударылды.

Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Германия арасындағы өзара іс-қимылдың жүйелі әрі көпсалалы сипатқа ие екенін атап өтті. Ынтымақтастық дәстүрлі энергетика, мұнай өңдеу, машина жасау, жаңартылатын энергия көздері және «жасыл сутегі» бағыттарын қамтиды.

Кездесу барысында Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытына отандық мұнайды жеткізу жайы талқыланды. Министрдің айтуынша, бұрын жасалған келісімдер нәтижесінде «Дружба» мұнай құбыры арқылы тасымал көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2023 жылы көрсеткіш 1 млн тоннадан асса, 2025 жылы 2,1 млн тоннаға жеткен. 2026 жылы бұл көлемді 2,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Индустриялық ынтымақтастық аясында Siemens Energy компаниясының Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртудағы рөлі назарға алынды. Қазіргі уақытта Алматы ЖЭО-2-ні реконструкциялау жобасы іске асырылып, газ турбиналық жабдықтар жеткізіліп, монтаждалып жатыр. Сонымен қатар, қазақстандық мамандарды оқыту жұмыстары жүргізілуде. Осындай ынтымақтастық Түркістан бу-газ қондырғысын салу жобасында да жалғасуда.

Серіктестіктің маңызды бағыты – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Немістің Goldbeck Solar GmbH және Solarnet Investment GmbH компаниялары Қарағанды облысында жалпы қуаты 176 МВт болатын күн электр стансаларын салуда.

Маңғыстау облысындағы HYRASIA ONE жобасы стратегиялық мәнге ие. Жоба «жасыл сутегі» мен аммиак өндірісін қамтиды. Оған қуаты 40 ГВт-қа дейін жел және күн электр станциялары мен 20 ГВт-қа дейінгі электролизер кешені кіреді. Болашақта жылына 2 млн тоннаға дейін сутегі өндіру мүмкіндігі қарастырылған.

Кездесу қорытындысында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқаны және оның жаһандық энергетикалық көшу мен орнықты даму мақсаттарына сай екені атап өтілді.