Желілердің цифрлық диагностикасы: Қазақстанда ЖИ мен дрондар энергия нысандарын тексеру уақытын қысқартуда

Желілердің цифрлық диагностикасы: Қазақстанда ЖИ мен дрондар энергия нысандарын тексеру уақытын қысқартуда

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі энергетика саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын кеңейтуде.
«aiEnergo» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ базасында байланыссыз диагностика бойынша пилоттық жоба сәтті іске асырылды. Жоба шеңберінде дрондар мен жасанды интеллектіні қолдану арқылы электр беру желілерін ажыратпай-ақ бірнеше сағат ішінде 200-ден астам ЭБЖ тексерілді. Нәтижесінде энергия нысандарын тексеру мерзімі едәуір қысқарғандығы, тәуекелдерді жедел анықтауда жоғары тиімділік байқалды.
Инновациялық шешімдерді жүйелі енгізу мақсатында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен және Ұлттық Экономика министрлігімен сүйемелдеу және электр энергетикасындағы практикалық кейстерді тираждау мәселелері бойынша кездесулер өткізілді.
Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген дефектоскопия технологиясы жетілдірілуде. Атап айтқанда, 110 кВ электр беру желілері үшін ақауларды жіктеу жүйелері әзірленіп, ультракүлгін камералар, лидарлар және жылу камераларын қолдану арқылы 35 кВ әуе желілеріне мониторинг кеңейтілуде.
Бұл жасырын ақауларды, қызып кетулерді, короналық разрядтарды және конструкциялық деформацияларды аса жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беріп, электрмен жабдықтау сенімділігін едәуір арттырады.
Электр беру желілерінің дефектоскопия жүйесі Отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау картасына сәйкес EnergyTech ақпараттық жүйесі шеңберінде іске асырылуда.
Цифрлық сервис мынадай мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
– бейне, фото, жылу камерасы және LiDAR деректерін талдау негізінде электр беру желілеріндегі ақауларды автоматты түрде анықтау;
– анықталған ақауларды нақты техникалық орындарға байланыстыра отырып, нысандарды цифрлық паспортизациялау;
– үйретілетін нейрондық желілерді пайдалану арқылы техникалық жағдайды талдау (тану дәлдігі — 98%-ға дейін);
– жасанды интеллект модельдерін қайта үйретуге арналған эталондық деректер жинақтары бар визуалды ақпараттың салалық деректер орталығын қалыптастыру;
– ақауларды техникалық қызмет көрсету және жөндеу (ТҚКЖ) жүйелеріне автоматты түрде бағыттау тетіктерін іске қосу.
Аталған жүйе электр энергиясын беру және тарату желілерінде проактивті диагностика жүргізуге, цифрлық техникалық қадағалауды қамтамасыз етуге және апаттылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.