Энергетика министрлігінде қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуы талқыланды

Энергетика министрлігінде қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуы талқыланды

ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың төрағалығымен мұнай-газ химия өнімдерін қайта өңдеу субъектілерімен кеңес өтті.

Кеңесте қайта өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету мәселелері және қолданыстағы шикізат ресурстарын бөлу тетіктерін жетілдіру тәсілдері талқыланды.

Жиынға Индустрия және құрылыс министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «KPI» ЖШС, «Kazenergy» ҰЭП», Полимер құбыр өндірушілер қауымдастығы, «Intertrans», «Интаго Казахстан», «Шымкент химиялық компаниясы», «Нефтехим», «Силлено», «KPI» және «Новопэк» компанияларының өкілдері қатысты.

Энергетика министрлігі «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеу барысы туралы ақпарат ұсынды. Құжаттың мақсаты – қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізатқа қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ үшінші және төртінші деңгейлі қайта өңдеу өндірістерін дамытуға қолдау көрсету екені атап өтілді.

Индустрия және құрылыс министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, салалық қауымдастықтар мен қайта өңдеу компаниялары шикізатпен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, салалық бірлестіктермен, қайта өңдеушілермен және «KPI» компаниясымен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдіріп, шикізатпен қамтамасыз ету және мұнай-газ химия саласын дамыту бойынша жүйелі шешімдер әзірлеудің маңызын атап өтті.