Хабибуллиндер еңбек династиясы: энергетика саласында 170 жылдық қызмет

Хабибуллиндер еңбек династиясы: энергетика саласында 170 жылдық қызмет


Энергетик күні қарсаңында біз отандық энергетика саласындағы ең көрнекті еңбек әулеттерінің бірі — Хабибуллиндер жанұясы туралы әңгімелейміз. «Топар» серіктестігінде олардың жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрайды. Бұл – бірнеше ұрпақты біріктірген кәсіби адалдықтың, дәстүрдің және іске деген құрметтің тарихы.

Династия бастауы: бәрі Хамза Гатауллинұлынан басталды

Әулет тарихы 1973 жылдан басталады. Сол жылы Хамза Гатауллинұлы Хабибуллин Топардағы Қарағанды ГРЭС-іне жұмысқа орналасып, котельді цехтың кезекші слесары болып еңбек жолын бастайды.
Табандылығы мен кәсіби өсуге деген ұмтылысының арқасында қазандық машинисіне дейінгі жолдан өтеді және кейін аға машинист атанады.

Ол техникумды сырттай бітіріп, біліктілігін жетілдірді, жас мамандарға тәлімгер болды. Оның есімі бірнеше рет Құрмет тақтасына енгізіліп, станцияның Құрмет кітабына ең үздік энергетиктердің бірі ретінде жазылды.

2006 жылы зейнетке шыққанымен, ұжымнан ұзақ уақыт алшақтамады — бірнеше айдан кейін қайта оралып, жас мамандарға тәжірибесін үйретуді жалғастырды. Ол станцияға 36 жыл арнады.

Ұлдары: әке жолын жалғастырғандар

Хамза Гатауллинұлының ісін оның ұлдары — Радик және Андрей Хабибуллиндер жалғастырды.

Радик Хамзаұлы 1989 жылы кәсіпорынға келді. Алғашында автогаражда жүргізуші болды, кейін әкесінің жолымен цехқа ауысып, слесарьдан машиниске дейін өсті. Кейін автогараждың аға механигі қызметін атқарды. Оның жалпы еңбек өтілі — 23 жыл.

Андрей Хамзаұлы, Алматы Энергетика және Байланыс институтының түлегі, 2003 жылы станцияда еңбек жолын бастады. 20 жыл ішінде ол қазандық машинисінен станция кезекші бастығының орынбасарына, кейін — бас инженердің эксплуатация жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. Қазір станция жанындағы оқу орталығының негізгі оқытушыларының бірі ретінде болашақ энергетиктерді дайындайды. Оның еңбек өтілі — 22 жыл.

Әулет дәстүрін
Андрей Хамзаұлының жұбайы — Зинаида Васильевна да жалғастыруда. Ол станцияда 21 жыл еңбек етіп, Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Үшінші ұрпақ: энергия жалғаса береді

Әулет мүшелерінің немерелері де энергетика саласын таңдады.

* Тимур Хабибуллин — электр цехының электрмонтері, еңбек өтілі — 8 жыл.
* Виктория Чернова (Хабибуллина) — химиялық және жөндеу қызметінің маманы, еңбек өтілі — 10 жыл.
* Евгений Чернов — эксперттік қабылдау басқармасының жетекші маманы, еңбек өтілі — 14 жыл.

Дәстүр, энергия және адамдар

Бұл — тек қызметтік өмірбаяндардың тізбегі емес. Бұл — кәсібін бағалайтын, жауапкершіліктің салмағын білетін және еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген үлкен жанұяның тарихы.

170 жыл — жай сан емес.
Бұл — энергетиканы жай жұмыс емес, өмірлік мұрат деп қабылдайтын бірнеше ұрпақтың еңбегі. Хабибуллиндер әулеті — адалдықтың, табандылықтың және мамандыққа деген шексіз сүйіспеншіліктің шынайы символы