ЭКСЖ ұлттық жобасы: Маңғыстау облысында жылу желілерінің тозуы 69%-дан 51%-ға төмендейді

ЭКСЖ ұлттық жобасы: Маңғыстау облысында жылу желілерінің тозуы 69%-дан 51%-ға төмендейді

Ақтауда журналистерге арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған медиатренинг өтті. Жоба офисінің өкілдері бағдарламаны іске қосу үшін атқарылған дайындық жұмыстары мен елдегі инфрақұрылымды жаңарту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Модернизация алдымен инженерлік желілердің тозу деңгейі 65–70%-дан асқан өңірлерді қамтиды. Ал Маңғыстау облысында жылу желілерінің тозу көрсеткіші 69%-ға жеткен. Қазіргі таңда «Каспий жылу, су арнасы» МКК 101 шақырым жылу желісіне капиталды жөндеу жұмысын аяқтап жатыр. 2021–2025 жылдары бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттерден 18,7 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында 172 км желіні жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде 2029 жылға қарай тозу деңгейін 51%-ға дейін төмендету күтілуде.
Электр энергетикасы саласында «Маңғыстау ӨЭК» АҚ 419 шақырым желіні жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл инфрақұрылым тозуын 61%-дан 59%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
2026 жылы Маңғыстау облысында 517 шақырым инженерлік желіні жаңартуға 78 млрд теңге инвестиция бөлінуі көзделген. Оның шамамен жартысы жылу жүйелерін жаңғыртуға бағытталады.
Ұлттық жобаның маңызды элементтерінің бірі – процестерді цифрландыру. Коммуналдық деректерді есепке алудың ашықтығын арттыру мақсатында электрондық платформа мен «Smart Turmys» ақпараттық жүйесі енгізілуде.
Кездесу соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оған ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шынғазиева, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев және ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемкұлов қатысты.