Теңізден «жасыл» авиаотынға дейін: энергетика саласындағы АҚШ пен Қазақстанның 30 жылдық серіктестігі

Теңізден «жасыл» авиаотынға дейін: энергетика саласындағы АҚШ пен Қазақстанның 30 жылдық серіктестігі

Қазақстан мен америкалық компаниялардың энергетика саласындағы отыз жылдық ынтымақтастығы ұлттық жаңғырудың қуатты қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде бұл стратегиялық одақ – энергетикалық қауіпсіздіктің іргетасы, жоғары технологиялық өнеркәсіп құрудың драйвері және «жасыл» технологияларды игерудің кілті болып отыр.

Берік іргетас: бейбіт өмірге энергия

Бұл серіктестіктің негізін қалаған пионерлер – Chevron және ExxonMobil компаниялары. Олар ел экономикасының келбетін өзгерткен үш алып жобаны – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеруге қатысып келеді. Олардың тұрақты жұмысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтардың тұрақтылығына зор үлес қосуда.
Америкалық серіктестердің қатысуы елге бұрғылау және күрделі кен орындарын басқару саласында әлемде теңдесі жоқ озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді әкелді.

Өнеркәсіптік серпіліс: шикізаттан жоғары өңдеуге дейін

Осы берік негіздің үстінде бүгінде экономиканың жаңа, жоғары технологиялық деңгейі қалыптасуда. Қазақстан жоғары қосылған құнға ие өнім өндіру жолымен нық қадам жасауда, ал бұл серпілістің өзегінде америкалық технологиялар жатыр.
Honeywell UOP және Lummus Technology сынды жетекші әлемдік компаниялар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және жаңа химиялық кешендер салу үшін лицензиялық шешімдер ұсынуда. CPChem (Chevron Phillips) және Univation Technologies компанияларымен әріптестік Атырау және Ақтөбе облыстарында полимер өндіретін заманауи зауыттар салуға мүмкіндік беріп, Қазақстанда жаһандық нарықтарда бәсекеге қабілетті қуатты мұнай-химия базасын қалыптастыруда.

Болашақ көкжиегі: экология және инновациялар

Стратегиялық серіктестік әрқашан келешекке бағытталған. Бүгінде одақ Қазақстанға жаңа буын технологияларына қол жеткізуге жол ашуда. Америкалық LanzaJet компаниясымен бірлесіп тұрақты авиаотын (SAF) өндіру жобасын іске асыру – соның айқын дәлелі. Бұл пионерлік жоба елімізді көміртегі шығарындыларын азайту және таза технологияларды енгізу жөніндегі өңірлік қозғалыстың көшбасшысы ретінде танытады.

Серіктестік күші: елдің өсімі үшін
Технология мен инвестицияның синергиясы Қазақстан экономикасы үшін қуатты мультипликативтік әсер туғызуда. Ірі жобалардың айналасында отандық сервистік және өндірістік кәсіпорындардың тұтас экожүйесі қалыптасты, мыңдаған сапалы жұмыс орындары ашылып, жаңа инженерлік құзыреттер дамуда.
Жер қойнауын игеруден басталған ортақ жұмыс бүгінде әртараптандырылған, технологиялық және тұрақты экономиканы құрып, бүкіл Қазақстанның өркендеуі мен сенімді болашағын қамтамасыз етуде.