Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаевтың қатысуымен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Ержан Ертаевтың айтуынша, жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын. Павлодар облысында жылу беру басталып кетсе, жақын күндері Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жылыту жүйесі қосылады. Қалған өңірлерде жылу беру ауа райына және жергілікті әкімдіктердің шешіміне сәйкес, жүзеге асады.
– 2025 жылы еліміздің электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандық пен 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 6 энергия блогы, 29 қазандық пен 16 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Электр желілері бойынша 17 мың шақырым электр жеткізу желілерін, 420 қосалқы станса мен 3,5 мың тарату пунктін жөндеу көзделген. Қазіргі сәтте 15,8 мың км желі, 373 қосалқы станса және 3,4 мың тарату пункті жөнделді. Ал жылу желілерінде жоспарланған 323 шақырымдық күрделі жөндеудің 293 шақырымы аяқталып, меженің 90%-ы орындалып отыр,– деді Ержан Ертаев.
Төрағаның айтуынша, барлық жөндеу жұмыстары Комитеттің өңірлік департаменттерінің тұрақты бақылауында. Мамандар кәсіпорындарға барып, жұмыс барысын тікелей қадағалап отыр. Сондай-ақ жөндеу мерзімі мен талаптарын сақтамаған кәсіпорын басшыларына әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жанармай мәселесі басты назарда. Қазіргі таңда қоймаларда 5 миллион тонна көмір жиналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көп. Сонымен бірге 130 мың тонна мазут қоры бар, бұл да былтырғыдан 32%-ға артық. Жалпы барлық энергия көздерінде жанармайдың нормативтік қоры қамтамасыз етілген. Әлеуметтік мазут бойынша өңірлерге 257 мың тонна бөлу жоспарланған және жеткізу жұмыстары басталып та кетті.
Ержан Ертаев тамыз айынан бастап Энергетика министрлігінің құзыретіне берілген көмір саласы ерекше бақылауда екенін атап өтті. Алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық мекемелерді көмірмен қамту үшін 7,7 миллион тонна қажет. Бүгінде оның 5 миллион тоннасы, яғни 63 пайызы дайындалған.
«Жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Негізгі жөндеу және жанармаймен қамту шаралары орындалды, олардың орындалуы Комитеттің тұрақты бақылауында», — деді Е. Ертаев.
Күзгі-қысқы жылыту кезеңі Үкімет деңгейінде ерекше назарға алынған. Жылыту маусымына дайындық барысы Үкімет отырысында арнайы қаралды. ҚР Энергетика министрлігі жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен және кәсіпорындармен бірлеске жұмыстарды жалғастыруда.