Еңбек министрлігінде кадрларды жасанды интеллектке бейімдеу жөніндегі ұлттық платформаны құру мәселелері талқыланды

Еңбек министрлігінде кадрларды жасанды интеллектке бейімдеу жөніндегі ұлттық платформаны құру мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «01.AI» халықаралық технологиялық компаниясының делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны компанияның негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Ли Кай-фу басқарды. Келіссөздердің негізгі тақырыбы қазақстандық еңбек нарығын жасанды интеллектіні белсенді енгізу жағдайына бейімдеу бойынша бірлескен жұмыс болды.

Кездесу Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы іске асыру аясында өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған Ұлттық онлайн-платформаны іске қосу міндетін жүктеді. «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылатын бұл ауқымды жоба технологиялардың жұмыс орындарын алмастыру тәуекелдерін азайтуға және отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Кеңес барысында тараптар аталған платформаны құру тетіктерін талқылады. Жобаның техникалық іске асырылуын «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ қолданыстағы Skills Enbek экожүйесі негізінде, «01.AI» компаниясының озық білім беру шешімдерін интеграциялау арқылы жүзеге асыратыны атап өтілді. Қатысушылар екі стратегиялық бағытты қамтитын болашақ онлайн-курстардың тұжырымдамасын жан-жақты қарастырды.

Бірінші бағыт жұмыс істеп жатқан жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға арналған. Оқыту оларға жұмыс үдерістеріне ЖИ құралдарын енгізуге мүмкіндік беріп, еңбек өнімділігінің артуын қамтамасыз етеді. Екінші бағыт кәсібі технологиялық ығысу тәуекеліне ұшыраған мамандарды толық кәсіби қайта даярлауға және оларды цифрлық экономикада сұранысқа ие жаңа позицияларға көшіруге бағытталған.

Министрлік дайындық жұмыстары аясында жасанды интеллектінің жұмыспен қамту құрылымына ықпалын терең талдап, технологиялық трансформацияға ең бейім кәсіптердің алдын ала тізбесін қалыптастырды. Аталған талдамалық деректер Қазақстандағы жағдайға бейімделген қолданбалы білім беру контентін әзірлеу үшін «01.AI» сарапшыларына жолданды.

Кездесу қорытындысы бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуді жеделдету және оларды ұлттық онлайн-оқыту жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.