
Қазақстанда балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау ата-аналардың жұмыспен қамтылуына байланысты республикалық бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – МӘСҚ) қаражаты есебінен кешенді түрде көрсетіледі.
Бүгінгі таңда бала туылған кезде ата-аналардың бірі, еңбек қызметін жүзеге асыруға қарамастан, бюджеттен бала тууға мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК), ал төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК құрайды.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері туылған баланың кезегіне байланысты.
Жұмыс істейтіндерге- күтім бойынша төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақы жарналарына 10% шегеріле отырып, соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісті ескере отырып тағайындалады.
Сондай-ақ, МӘСҚ-дан (жұмыс істейтін) бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін мемлекеттік қолдау нысаны-алушылардың пайдасына ай сайын бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.
Ана мен баланы әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘСҚ-дан бала күтімі бойынша жәрдемақы және бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем тағайындау кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды.
Көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылдан бастап төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.
Жоғарыда көрсетілген мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар барлық көп балалы отбасыларға, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін олардың табысына қарамастан (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) төленеді. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері балалар санына қарай сараланған және айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруін ескере отырып төленеді.
Сондай-ақ, туылған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалары бар отбасылардың мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мөлшері-1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейі.
Сондай-ақ, көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. «Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК құрайды. «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандарға жәрдемақы мөлшері 6,40 АЕК құрайды.
Мемлекеттік органдарда цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау процестерін сәтті автоматтандыру олардың сапасымен халық үшін қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыруға мүмкіндік берді.
Сонымен, электрондық қызметтер белсенді дамып келеді. Мысалы, бала тууға және бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне жәрдемақы тағайындау үшін портал арқылы жүгінуге болады egov.kz немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы (Halyk, Bank ЦКБ және Kaspi.kz).
Жалпы, Қазақстанда отбасын, ана мен баланы мемлекеттік қолдау әлеуметтік қамсыздандырудың басты басымдықтарының бірі болып табылады.