Су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық аясында Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Жезқазған қаласында орналасқан Кеңгір су қоймасына барды.
Инспекция барысында министр су қоймасының гидротехникалық құрылыстарының, шлюздерінің және электр механизмдерінің жай-күйін бағалады. Объектінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін инфрақұрылымның барлық элементтерінің тұрақты және қауіпсіз жұмысына ерекше назар аударылды. Ол су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау және азаматтарды төтенше жағдайлар қаупінен қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Қазіргі уақытта Кеңгір су қоймасының барлық жеті шлюзі көктемгі кезеңде төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға мүмкіндік беретін су жіберуге толық дайын. Өңірде көктемгі су тасқыны қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді алдын алу іс-шаралары жалғасуда.
Бұдан басқа төтенше жағдайлар министрі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығымен Ұлытау облысындағы кеніште орын алған ТЖ-ның салдарын жою мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.
ТЖМ басшысы тергеу шеңберінде құқық қорғау органдары, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және еңбек инспекторлары тарапынан тексерулерді қоса алғанда, кешенді сараптама жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол бұдан кейінгі қадамдар өндірістік объектілердегі қауіпсіздік талаптарын қатаңдатуға бағытталатынын айтты.