«Көктем-2025» республикалық оқу-жаттығуы шеңберінде еліміздің 11 өңірінде су тасқыны қаупі кезінде шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу су тасқыны кезеңіне дайындықты арттыру және әртүрлі ведомстволар мен қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында өткізілуде.
Жамбыл облысында су басу қаупі кезінде авариялық-құтқару қызметтерінің іс-қимылдарын пысықтау бойынша оқу-жаттығу өтті. Талас өзенінің су деңгейі көтерілген жағдайда төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды эвакуациялады, сондай-ақ сорғы станциялары мен мотопомпаларды пайдаланып су тасқынының салдарын жойды. Құтқарушылар мен полиция халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, судың одан әрі таралуына жол бермеді, бөгендер мен жол төсемдерін нығайтты.
Жетісу облысында қорғаныш құрылыстарын нығайтуға көңіл бөлінді, ал Қаратал ауданында Қаратал өзенінің арнасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Өңір тұрғындары су тасқынына қарсы іс-шараларға, соның ішінде үйлерінің жанындағы арық желілері мен құбырлы өткелдерді тазартуға белсене қатысуда.
Маңғыстау облысының Ақтау қаласында да халықты эвакуациялау және су басу салдарын жою бойынша іс-шаралар пысықталды. Операцияға құтқарушылар, волонтерлер, коммуналдық және шұғыл қызметтер қатысты. Уақытша орналастыру орындарында ыстық тамақ ұйымдастырылып, медициналық көмек көрсетілді.
Түркістан облысында құлақтандыру жүйесі техникалық тексеруден өтті, бөгендерді нығайту, су өткізгіш құбырларды тазарту және арналарды тереңдету жұмыстары орындалды.
Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында мамандар Қотырбұлақ өзенін кеңейту және тереңдету бойынша жұмыстар жүргізді, бұл су басудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласы мен Теректі ауданында практикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
Сонымен қатар Ақтөбе және Қызылорда облыстарында да оқу-жаттығу өтті. Бұл өңірлерде су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайларды жою бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар пысықталды.
Оқу-жаттығуға азаматтық қорғау қызметтері белсенді қатысты. Бұл іс-шаралар су тасқыны маусымына шұғыл қызметтердің дайындық деңгейін растап, ықтимал табиғи апаттар жағдайындағы іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз етті.