
Абай облысы Бородулиха ауданының Коростели ауылында ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өртке қарсы бекет пайдалануға берілді.
Бекеттің жауапкершілік аймағына Коростели ауылы мен Ауыл станциясы елді мекені кіреді. Мұнда 1 142 адам тұрады.
Нысан электр энергиясымен және сумен қамтамасыз етілген. Жаңа бекет қажетті өрт сөндіру техникасымен, байланыс құралдарымен, өрт-техникалық жарақтармен және Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған жауынгерлік киім-кешекпен толық жабдықталған. Жеке құрамның тәулік бойы кезекшілік атқаруына және өрттерге жедел ден қоюына барлық жағдай жасалған. Еріктілер Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы даярлықтан өтті.
Ерікті өртке қарсы бекеттің ашылуы ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыруға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.