ТЖМ басшысы ТЖ жоюға арналған авиациялық техникамен танысты

ТЖМ басшысы ТЖ жоюға арналған авиациялық техникамен танысты

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновке азаматтық қорғау органдары жүйесінде пайдалануға ұсынылатын ұшақтардың бірінің таныстырылымы өткізіліп, авиациялық құрамдасты дамыту тұжырымдамасы ұсынылды.

  Іс-шара барысында әуе кемесінің мүмкіндіктері көрсетіліп, оның табиғи өрттерді сөндіру, халықты эвакуациялау және күштер мен құралдарды жедел жеткізу міндеттерін орындауға бағытталғаны атап өтілді. Ірі төтенше жағдайларды жою кезінде мұндай авиациялық техниканы қолданудың практикалық маңыздылығы ерекше көрсетілді.

  Кездесуге қатысушылар өрттердің ықтимал ауқымын, ел аумағының кеңдігін және әрекет ету уақытын қысқарту қажеттілігін ескере отырып, авиациялық паркті жаңарту тәсілдерін қарастырды. Осы бағытта кеңфюзеляжды жүк тасымалдаушы ұшақтарды сатып алу мәселесі пысықталуда. Ұсынылған шешімдер жеке құрамды, техниканы тасымалдауға және гуманитарлық жүктерді алыс қашықтықтарға жеткізуге арналған үлкен сыйымдылықтағы әуе кемелерін пайдалануды көздейді.

  Эвакуация мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Ұшақ қысқа уақыт ішінде көп адамды тасымалдауға, медициналық модульдерді орналастыруға және ұшу барысында көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

  ТЖМ авиациясын дамыту ведомство басшысының заманауи әрі мобильді әрекет ету жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Басым бағыттардың бірі ретінде ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ базасында 20 авиациялық жасақ құру бағдарламасы іске асырылуда. Бұл барлық өңірлерді қамтып, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыруға бағытталған.

  Ұсынылған тәсілдер бөлімшелердің мобильділігін арттыруға және азаматтық қорғау жүйесінің әлеуетін күшейтуге бағытталған. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. Қорытынды шешімдер практикалық міндеттер мен жинақталған халықаралық тәжірибені ескере отырып қабылданатын болады.