Қазақстан БҰҰ-ға ТЖ алдын алудың цифрлық шешімдерін ұсынды

Қазақстан БҰҰ-ға ТЖ алдын алудың цифрлық шешімдерін ұсынды

  24 сәуірде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі – Табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі басқарма басшысы Камал Кишормен келіссөздер жүргізді.

  Кездесу ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында өтті. Онда БҰҰ делегациясына төтенше жағдайларды талдау және болжауға арналған цифрлық жүйелер, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген және нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізетін шешімдер таныстырылды.

  Камал Кишор әрекет ету жүйесінің даму деңгейін жоғары бағалап: «Қазақстан – табиғи қауіп-қатерлердің алуан түрлілігі жоғары ел. Сіздің министрліктің кешенді тәсілі ерекше әсер қалдырады. Ведомствоның әлеуеті, оның ішінде Жедел басқару орталығы сіздердің өңірлік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде де алдыңғы қатарда екендеріңізді көрсетеді. Орталықтың қызметі мен нақты уақыт режиміндегі мониторинг жүргізу жұмысы Брюссельдегі Басқару орталығын еске салады», - деді.

  Министр цифрлық технологияларды дамыту биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары аясындағы басымдық екенін атап өтті.

  БҰҰ-ның бейінді құрылымдарымен ынтымақтастық аясында Қазақстан төтенше жағдайларға төзімділікті арттыру саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда елордаға халықаралық тұрақтылық орталығы мәртебесі берілді. Мұндай мәртебе әлемнің небәрі 42 қаласына ғана берілген, ал Астана Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып ие болды.

  Сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі өңірлік орталықтың дамуына БҰҰ-ның қосқан үлесі ерекше аталды. Онда Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар саласының мамандарына арналған ұшқышсыз  авиация бойынша онлайн мектеп жұмыс істейді.