Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев Өңірлік экологиялық саммит-2026 аясында Астана қаласында өткен панельдік сессияда сөз сөйледі. Сессия ерте құлақтандыру және апат тәуекелдерін азайту саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналды.
Өз сөзінде ол климаттық өзгерістердің күшеюі жағдайында халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету Орталық Азия мемлекеттері үшін стратегиялық басымдыққа айналып отырғанын атап өтті. Табиғи қауіп-қатерлердің кең спектріне ұшырайтын өңір тиімді алдын алу тетіктерін енгізуді және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді талап етеді. Осыған байланысты қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау мен халықты жедел хабардар ету төтенше жағдайлардың алдын алу мен тиімді әрекет етудің негізі болып табылады.
«Халықты уақтылы қорғау мақсатында заманауи автоматтандырылған ерте құлақтандыру жүйелерін дамыту және мониторингтің озық технологияларын енгізу Қазақстан ТЖМ жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында бұл бізге халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне шығуға, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларға әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп Ерболат Садырбаев атап өтті.
Сонымен қатар ол тиімді ерте құлақтандыру жүйелерін құруға және апат тәуекелдерін азайтуға бағытталған GLOFCA сияқты халықаралық бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Сессия аясында Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Аслан Сабыржанұлы және ЮНЕСКО директоры Амир Пирич «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азия халқының мұздық көлдердің жарылуына осалдығын төмендету (GLOFCA)» жобасы аясында ерте құлақтандыру жүйесінің жабдықтарын орнату мәселелері бойынша меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда және мұздақ көлдердің жарылу қаупіне байланысты қатерлерден халықты қорғау бойынша нақты шараларды іске асыруда маңызды қадам болды.
Саммит аясындағы бірлескен жұмыс азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бейінді ведомстволармен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар тәуекелдерін азайту саласында заманауи тәсілдерді енгізу бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді.