
Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты өткен он күндерде (2026 жылғы 11-20 ақпан) ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 145 адамды, оның ішінде 17 баланы құтқарып, эвакуациялады, сондай-ақ 48 автомашинаны шығарды.
Ауа-райының нашарлауы туралы дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы хабарламалар СМС-хабарламалар, ТЖМ, аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары және әлеуметтік желілері арқылы халыққа жеткізілді. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатысты.
ТЖД қызметкерлері өтімділігі жоғары техникасында автожолдардың күрделі учаскелерінде адамдардың және кептелісте қалған автокөліктердің болуына патрульдеу жүргізуде. Құтқарушылар халыққа көмек көрсетіп, автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыруда.
Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:
«Астана—Петропавл» тасжолындағы жолаушылар эвакуацияланды
Макинск қаласы мен Макинка ауылы (Ақмола облысы) арасындағы жол учаскесінде қозғалтқыш ақауына байланысты «Петропавл — Шымкент» бағытындағы қаларалық автобус тоқтап қалды. Автобуста 13 жолаушы болды: үшеуі Қазақстан азаматы, үшеуі Өзбекстан азаматы, жетеуі Қырғызстан азаматы. ТЖМ қызметкерлері полициямен бірге жолаушыларды жедел эвакуациялап, Макинск қаласындағы жылыту пунктіне орналастырды. Барлығына қажетті көмек көрсетілді.
БҚО-да қар құрсауынан бір отбасы құтқарылды
Сырым ауданында жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. ТЖМ күштерімен бір отбасының 3 мүшесі құтқарылып, Жымпиты ауылына жеткізілді. Олардың арасында бір бала және жүкті әйел болды. Медициналық көмек қажет болмады.
Абай облысында 28 адам эвакуацияланды
Аягөз ауданында жолаушылар автобусының техникалық ақауына байланысты жолаушылар жолда қалған. ТЖМ күштері жедел түрде оқиға орнына барып, Өскемен — Алматы бағытындағы автобустан 28 адамды, оның ішінде 7 баланы эвакуациялап, Аягөз қаласының теміржол вокзалына жеткізді. Құтқарушылар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тиісті көмек көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар шұғыл жағдайда көмекке келді
Самар ауданында «Өскемен – Тарғын – Самар» облыстық маңызы бар автожолында үш жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Оқиға орнына өтімділігі жоғары техникамен құтқарушылар жедел жетті. Тас жолдан 10 адам, оның ішінде екі бала эвакуацияланды. Барлығы жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді. Медициналық көмек қажет болмады. Бұған дейін құтқарушылар қолайсыз ауа райы мен автожолдардың жабылуы туралы ескерткен болатын.
Қарағанды облысында 15 адам эвакуацияланды
Қолайсыз ауа райына байланысты түнде «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының учаскесінде жол қозғалысына шектеу қойылды. Құтқарушылар жолда қалған автобус жолаушыларына көмекке келді. Енгізілген шектеулер салдарынан «Новосибирск – Шымкент» бағытымен жүріп келе жатқан автобус қозғалысы тоқтатылды. Автобуста 15 адам, оның ішінде 4 бала болған. Барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары. ТЖМ қызметкерлері жолаушыларды жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Солтүстік-Қазақстан облысында құтқару операциясы жүргізілді
Айыртау ауданындағы Құмтөккен ауылының маңында салонында бес ересек адам бар жеңіл автокөлік жол жиегіндегі орға түсіп кетті. Қызмет бабымен өтіп бара жатқан Жедел-құтқару жасағы орда тұрған көлікті көріп, дереу тоқтап, көмек көрсетті. Автокөлікті сүйреп, жолға шығарды. Жүргізуші мен жолаушылар құтқарушыларға қолдау көрсетіп, дер кезінде көмектескендері үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Жетісу облысында құтқарушылар 17 адамды эвакуациялады
Алакөл ауданында Көктұма станциясынан 35 км қашықтықта дала жолында үш жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Олардың ішінде 14 адам болған. Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері дереу жетті. Құтқарушылар барлық жолаушыларды эвакуациялап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сарқан ауданында Лепсі ауылынан 15 км қашықтықта, Балқаш көлінің жағалауында техникалық ақауы бар автокөліктен 3 адам эвакуацияланды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Ақтөбеде қар құрсауында қалған үш адам құтқарылды
Ақтөбе облысының аумағында қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты қар құрсауында қалған азаматтарды эвакуациялау бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Оқиға Темір ауданының аумағында аудан орталығынан шамамен 20 шақырым қашықтықта орын алған. Алдын ала мәліметке сәйкес автокөлік техникалық ақауға байланысты тоқтап, әрі қарай қозғала алмаған. Көлік ішінде үш адам болған. Қатты жел мен жолдың жабылуына байланысты азаматтар елді мекенге өз бетінше жете алмады. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы жол талғамайтын көлікпен қиын учаскені еңсеріп, адамдарды эвакуациялады. Құтқарылған азаматтар аудан орталығына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Павлодар облысында ТЖМ қызметкерлерімен үш ауыл тұрғыны құтқарылды
Бүгін 112 шұғыл қызмет пультіне Павлодар облысындағы далалы жерде үш адамның адасқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Шақыруға Екібастұз қаласы ТЖБ қызметкерлері дереу шықты. Құтқарушылардың жедел және кәсіби әрекеттерінің арқасында ер адамдар қысқа мерзімде табылып, құтқарылды. Түнде олар Екібастұздан 75 шақырым жерде орналасқан Төртүй ауылынан жаяу шығып, алайда жолда бағдар жоғалтқаны анықталды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Маңғыстау облысында ТЖМ қызметкерлері далада жоғалып кеткен төрт адам құтқарды
Кеше 1992, 2001 және 2007 жылдары туған төрт ер адам жол талғамайтын көлікпен Бейнеу ауданы аттас ауылдан «Үш қатын» жеріне қарай мал іздеуге шыққан. Олармен байланыс үзіліп, телефондары өшіп қалған соң, шұғыл қызметтер іздеуге кірісті. Іздеу жұмыстары қараңғы уақыт пен қолайсыз ауа райы тудырған күрделі жағдайда жүргізілді. ТЖД тобы жол талғамайтын көлігімен 150 шақырымға жуық жол жүріп, жоғалғандарды табу үшін спутниктік байланыс пен ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданды. Таңертең жоғалған адамдар табылды. Олардың көлігі қар құрсауында қалып қойғаны белгілі болды. Құтқарушылар төртеуін де эвакуациялап, елді мекенге жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет емес.
Атырау облысында жаңа туған сәбиді құтқару үшін 550 шақырым қарлы боран мен көктайғақты еңсерген
Құрманғазы ауданында күрделі құтқару операциясы сәтті аяқталды. Аудан орталығынан 275 шақырым қашықтықта орналасқан шалғай ауылдан шұғыл шақырту түсті: жас ана мен оның жаңа туған нәрестесі көмекке мұқтаж болды. Жағдай өте қиын еді: мерзімінен бұрын дүниеге келген сәби ерекше күтімді қажет етті, ал қалың қар мен көктайғақ ауылды сыртқы әлемнен оқшаулап тастады. Мұндай ауа райында қарапайым көлікпен жолға шығу мүмкін болмады. Күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, құтқарушылар жол талғамайтын арнайы техникамен межелі жерге жедел жетті. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, олар ана мен баланы аудандық ауруханаға аман-есен жеткізді.
Жамбыл облысында құтқарушылар жедел жәрдем бригадасына көмекке келді
иЖамбыл облысының Жуалы ауданында ТЖД бөлімшелері қар құрсауында қалған жедел медициналық жәрдем бригадасына көмек көрсету үшін жолға шықты.
Шақырту орнына дейін шамамен 25 шақырым қалған кезде Қызыл-Арық ауылының маңында жедел жәрдем көлігі қарға батып қалды. Құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына жетіп, медицина қызметкерін науқасқа жеткізді. Құтқарушылардың жедел әрі кәсіби іс-қимылдарының арқасында медицина қызметкерлері қызметтік міндеттерін уақытылы жалғастыра алды. Сонымен қатар құтқарушылар Талас және Жуалы аудандарында қар құрсауынан тағы 12 автокөлікті шығарып, эвакуациялады. Жуалы ауданында жолдағы адамдарға көмек көрсетіліп, тартқыш арқан арқылы үш автокөлік шығарып, қауіпсіз жол учаскесіне жеткізілді. Сонымен бірге Жуалы және Шу аудандарында құтқарушылар жолда техникалық ақауларға ұшыраған жеңіл автокөліктер мен дала жолында тұрып қалған жүк көліктеріне көмек көрсетті.