Азаматтық қорғау саласында 17 мыңнан астам тыңдаушы оқытудан өтті

Азаматтық қорғау саласында 17 мыңнан астам тыңдаушы оқытудан өтті

  Төтенше жағдайлар министрлігі халықтың қауіпсіздік деңгейін және азаматтық қорғау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысын жалғастыруда.

  2025 жылы ТЖМ Ұлттық орталығында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 2 300 қызметкері оқудан өтті. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменттерінің базасында да 15 100 тыңдаушы дайындықтан өтті.

  Волонтерлерді дайындау бағыты да қарқынды дамуда. Волонтерлік ұйымдардың жетекшілері мен үйлестірушілеріне арналған бағдарламасы бойынша 1 251 қатысушы оқытудан өтті. Сонымен қатар аумақтық департаменттер ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында 1 495 тыңдаушыға оқыту ұйымдастырды.

  Халықты ақпараттандыру мақсатында ТЖМ аумақтық органдары еліміздің 26 794 білім беру мекемесінде 17 925 интерактивті сабақ өткізді, нәтижесінде 1,7 миллионнан астам оқушы қамтылды.

  Оқыту «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабы және осы салада халық пен мамандарды ақпараттандыру, білім беру және оқыту ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Негізгі мақсат қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындығын арттыру.

  Басшылар мен мамандарды дайындау ТЖМ аумақтық органдарымен қатар, «Азаматтық қорғау саласында ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы» АҚ базасында да жүзеге асырылады. ТЖМ пен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады.

  Атқарылып жатқан жұмыс қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, халық пен мамандардың төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындығын арттыруға, сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін барлық деңгейде нығайтуға ықпал етеді.