Мәжілісте Түркі мемлекеттері ұйымының азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралды

Мәжілісте Түркі мемлекеттері ұйымының азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралды

  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымының азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қаралды.

  Заң жобасының негізгі ережелері бойынша Төтенше жағдайлар вице-министр генерал-майор Кеген Тұрсынбаев баяндама жасады, бұл құжат төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласында тиімді халықаралық өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

  Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің табиғи апаттарға ден қою кезінде күш-жігерін біріктіруге, зардап шеккен мемлекеттерге өзара көмек көрсетуге және құтқару бөлімшелерінің кәсіби әлеуетін дамытуға арналған азаматтық қорғау тетігін құруды көздейді.

  Көмек зардап шеккен мемлекеттің сұрауы бойынша және ерікті түрде көрсетіледі, ал көмек көрсету туралы шешімдер өзара келісім негізінде қабылданады.

  Келісімді іске асыру төтенше жағдайлар кезінде бірлескен іс-қимылдардың үйлесімділігін, жеделдігін және тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

  Еске сала кетейік, 2024 жылғы қараша айында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің қабылдаған шешіміне сәйкес төтенше жағдайлар саласына жауапты ведомстволардың басшылары Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге қол қойды. Аталған келісім табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде бірлескен әрекет ету тетігін қалыптастыруға, сондай-ақ зардап шеккен мемлекетке ерікті түрде көмек көрсетуге бағытталған.

Азаматтық қорғау тетігінің әкімшілік жұмыс органдары ретінде Министрлер кеңесі мен Хатшылық белгіленген. Хатшылықтың штаб-пәтері Стамбул қаласында орналасады және оны Министрлер кеңесі 3 жыл мерзімге тағайындайтын Бас хатшы басқарады. Хатшылықты құруға қажетті қолдауды Түркия тарапы көрсетеді. Ал Министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуші мемлекеттің төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органының басшысы басқарады.