Еліміздің өңірлерінде су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша белсенді инженерлік шаралар жүргізілуде

Еліміздің өңірлерінде су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша белсенді инженерлік шаралар жүргізілуде

  Еліміздің өңірлерінде 2026 жылғы алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында инженерлік жұмыстар жалғасуда.

  Биылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан су басу қаупі бар елді мекендер тізбесі өзектендірілді. Бүгінгі таңда елімізде 1242 су басу қаупі бар елді мекен тіркелген.

  Тасқын суға байланысты туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың тәуекелдерін азайту және салдарын барынша төмендету мақсатында кешенді инженерлік шаралар жүзеге асырылуда: 91,2 км қорғаныш бөгеттері мен үйінділер тұрғызылды, жөнделді және нығайтылды; 37,5 км дренаждық жүйелер салынды және қалпына келтірілді; автокөлік және теміржол астында 160 су өткізу құрылысы орнатылды және ауыстырылды;117,8 км каналдар мен арықтар жасалды; 26,6 км жағалауды нығайту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді; 41,2 км өзен арналары түзетілді және 29,3 км тазартылды.

  Аталған шараларды жүргізу су тасқыны кезеңіне кешенді дайындықтың негізгі элементі болып табылады. Бұл ықтимал қауіп-қатерлерді азайтуға, халықты, инфрақұрылым нысандарын және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғаудың сенімді жүйесін құруға ықпал етеді.