«Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда»: ТЖМ құтқарушылары Балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды акция өткізді

«Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда»: ТЖМ құтқарушылары Балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды акция өткізді

  Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында республика бойынша «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» ұранымен ауқымды профилактикалық акция өтті. Ұйымдастырушылар-ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі және оның аумақтық бөлімшелері-балаларды қауіпсіздік негіздеріне оқытуға, құтқарушы мамандығын дәріптеуге және өмір мен денсаулыққа ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға бағытталған 100-ден астам іс-шара өткізді.

  ТЖ департаменттерінің қызметкерлері еліміздің барлық өңірлерінде интерактивті сабақтар, шеберлік сыныптарын, көрме қойылымдарын, конкурстар, викториналар мен техника көрмелерін ұйымдастырды. Акцияға мыңдаған балалар мен ата-аналар, сондай-ақ волонтерлер, мектеп педагогтары, Апаттар медицинасы орталықтарының қызметкерлері және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

  Астанада балалар техникаға қызығушылық танытты, өрт кезінде әрекет етуді, алғашқы көмек көрсетуді және шұғыл қызметтерді дұрыс шақыруды үйренді. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында тақырыптық мерекелер, интерактивті ойындар, кинологтардың жұмысы, көрмелер мен шығармашылық конкурстар ұйымдастырылды. Атырау, Павлодар және Петропавл қалаларында өрт сөндіру бөлімдерінде ашық есік күндері өтті. Түркістан, Шымкент, Көкшетау қалалары мен Жамбыл облысында флешмобтар, техника көрсетілімдері және қауіпсіздік тақырыбына арналған конкурстар өткізілді.

  «Балалардың қауіпсіздігі - біздің басты міндетіміз. Біз әр баланың өзін және жақындарын қалай қорғау керектігін білгенін, құтқарушы мамандығына  құрметпен қарап, қызығушылық танытқанын қалаймыз. Мұндай акциялар – бұл мереке ғана емес, сондай-ақ біздің ағартушылық жұмысымыздың маңызды бөлігі», - деп ТЖ вице-министр генерал-майор Кеген Тұрсынбаев атап өтті.

  Практикалық оқытуға ерекше назар аударылды: балалар жеке қорғаныш құралдарын қолдануды, шартты өртті сөндіруді, үй-жайлардан эвакуациялануды, алғашқы көмек көрсетуді үйренді. Нұсқаушылар ойын арқылы білімді нығайтуға көмектесті, бұл процесті мүмкіндігінше түсінікті және есте қаларлық етті.

  Іс-шаралар қорытындысы бойынша байқау жеңімпаздары мен ең белсенді қатысушылар дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды, оларға тәттілер үйлестірілді. Балалар акцияға қатысып, көбінің көзқарасы өзгеріп,  шабыт алды.

  Төтенше жағдайлар министрлігі балалар мен жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ағартушылық және оқыту жобаларын іске асыруды жалғастырады.