Қазақстан ТЖМ құтқарушылары шомылу маусымы қарсаңында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша кешенді профилактикалық жұмыс жүргізуде.
ТЖМ құтқарушылары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп су айдындарын, әсіресе шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде патрульдеу жүргізеді.
Астанада «Шомылуға тыйым салынады!» атты 150-ден астам ескерту белгісі мен судағы қауіпсіздік ережелері туралы 10 ақпараттық стенд орнатылды. Сонымен қатар №6 мектеп-гимназиясы ауласында құтқарушылар мен құқық қорғау органдарының қатысуымен «Қауіпсіз жаз әліппесі» атты балалар квесті өтті. Іс-шара соңында 30 метрлік баннер алдында балалар тілектер айтып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға уәде берді.
Батыс Қазақстан облысында өзендерді түнгі патрульдеу жұмысы ұйымдастырылды, оның барысында демалушыларға сақтық шаралары мен балаларды бақылаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Шымкентте құны төмен, бөлшектеуге төзімді және қондырғының әмбебаптығымен ерекшеленетін ескерту белгісінің жаңа түрі сынақтан өткізілді.
Ақмола облысында лагерь қызметкерлері мен волонтерлерді жаппай оқыту ұйымдастырылды. Зеренді ауданында балалар лагері базасында ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері судағы қауіпсіздік және алғашқы көмек көрсету бойынша бірлескен курстар өткізді. Осындай іс-шаралар 2-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында да өткізілді, онда 150-ден астам адам оқытылды.
Жетісу облысында әлеуметтік осал топтағы балаларға арналған оқу-ағарту іс-шаралары өткізілуде.
Қызметкерлер жазғы кезеңде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған конкурстар, тақырыптық кездесулер, интерактивті ойындар және ашық сабақтар ұйымдастырады.
Қазақстан ТЖМ профилактикаға, оқу-ағартуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылға баса назар аудара отырып, су айдындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.