Оқу-ағарту министрі өңірлік әдістемелік орталықтардың басшыларымен кеңес өткізді

Оқу-ағарту министрі өңірлік әдістемелік орталықтардың басшыларымен кеңес өткізді

Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Оқу-ағарту министрі әдістемелік орталықтардың басшыларымен кеңес өткізді.

Ғани Бейсембаев оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелеріне назар аударды, сонымен қатар әдістемелік орталықтарды трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын бекітті.

Қазақстанда өңірлік деңгейлерде 20 әдістемелік орталық, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жанында 205 әдістемелік кабинет жұмыс істейді. Еліміздің әдістемелік қызметінде 3 мыңға жуық маман еңбек етеді, оның 55%-ы ауылдық жерлерде.

«Сапалы білім берудің іргетасын кәсіби білікті педагогикалық құрам қалайды. Педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету, мықты мұғалімдер базасын қалыптастыру және олардың табысты тәжірибесін әріптестер арасында таратуға ықпал ету керек», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.


Министр білім беру саласындағы мемлекеттік бастамалардың іске асырылуын бақылауды күшейтуді, әдістемелік орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, озық тәжірибелерді енгізуді және білім берудің барлық деңгейінде әдістемелік жұмысты нығайтуды тапсырды.