
Инновациялық техникалық колледжінің студенттері Қытайдағы Zhejiang College of Security Technology базасында халықаралық тағылымдамадан өтіп жатыр. Айта кету керек, Zhejiang College of Security Technolog - Қытайдағы қауіпсіздік технологиялары мен киберқауіпсіздік саласында кадр даярлайтын алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі.
21 күнге созылатын бағдарлама аясында студенттер ақпараттық қауіпсіздік бағытында тереңдетілген арнайы курсты меңгеруде. Тағылымдама қатысушылары киберқауіпсіздіктің заманауи әдістерін игеріп, ақпаратты қорғаудың озық технологияларымен тәжірибе жүзінде жұмыс істеуде. Бағдарлама халықаралық білім беру стандарттарына негізделген және теория мен практиканы ұштастыруға бағытталған.
Мұндай халықаралық тәжірибе жас мамандардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, оларды жаһандық еңбек нарығына бейімдейді. Бастама қазақстандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне цифрлық экономика талаптарына сай білікті кадрлар даярлауға бағытталған қадамдардың бірі.