
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барып, өңірдегі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты, сондай-ақ кәсіпкерлермен бизнесті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар барысында вице-министр DEMEY оңалту және түзету орталығында, «Молочный Экспресс» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндіру кәсіпорнында және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізудің маңызды инфрақұрылымдық нысанына айналатын салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығында болды.
Сапардың негізгі іс-шарасы бизнес қауымдастығының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу болды. Ерлан Сағынаев кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері туралы баяндады.
Кездесуге қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді, сауданы, туризмді, логистиканы және өнеркәсіпті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. 2026 жылы Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті қолдауға 8 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
«Іскер аймақ» субсидиялау бағдарламасы аясында 297,4 млн теңге сомасына 3 жобаға қолдау көрсетілді. Қазіргі уақытта жалпы құны 1,48 млрд теңгені құрайтын 13 жобаның мақұлдануы күтілуде.
Кепілдендіру құралы бойынша жыл басынан бері Кепілдік қоры аясында жалпы несие сомасы 16,4 млрд теңгені құрайтын 38 жобаға қолдау көрсетіліп, кепілдік сомасы 6,4 млрд теңгені құрады.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау бағдарламасы шеңберінде жалпы несие сомасы 14,3 млрд теңгені құрайтын 46 жобаға қолдау көрсетіліп, кепілдік сомасы 12,1 млрд теңгені құрады.
Кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыру және кәсіпкерлік қызметті жүргізу барысында туындайтын мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген барлық мәселелер одан әрі пысықтауға алынды.