
Атырау облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаевтың қатысуымен орнықты даму, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялар тарту мәселелеріне арналған бірқатар іс-шаралар өтті.
Негізгі алаңдардың бірі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII көшпелі отырысы болды. Талқылаудың басты тақырыбы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселесі болды.
Қатысушылар су ресурстарын сақтау, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету және Тұрақты даму мақсаттарының қағидаттарын еліміздің батыс өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалдастыру мәселелерін қарастырды.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында вице-министр Атырау облысының бизнес өкілдерімен кездесті.
Өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуде бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, сондай-ақ іскерлік ахуалды одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспарлар таныстырылды. Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысты.
Бүгінде өңірде 57,5 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында тартылған инвестициялар көлемі 408,3 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы құны 717 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Ерлан Сағнаев атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.
«Министрлік шағын және орта бизнес үшін барынша ашық әрі ынталандырушы орта қалыптастыруға бағытталған. Биыл мемлекеттік қолдау құралдары аясында Атырау облысына 10 млрд теңге бөлініп, сондай-ақ 12,1 млрд теңге көлемінде кредиттік кепілдіктер берілді. Бұл – іскерлік белсенділікті арттыруға және жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталуы тиіс нақты ресурстар», – деп атап өтті вице-министр.
Ашық диалог барысында бизнес өкілдері «Іскер аймақ» өңірлік бағдарламасын іске асыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, салық заңнамасын жетілдіру, қаржылық қолдау тетіктері және отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту мәселелерін көтерді.
Өнеркәсіп секторын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Гранд Материк» ЖШС, «Талшықтекс» ЖШС және «Кенен Интернешнл Кетринг» ЖШС кәсіпорындарының алаңдарында өндірістерді жаңғырту, жергіліктендіру деңгейін арттыру және отандық компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту перспективалары талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.