
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.Құрмалаев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы 2026 жылғы 18-19 маусымда Бішкек қаласында өтіп жатқан «Климат, таулы өңірлердің денсаулығы және орнықты дамуы» атты халықаралық конференциясының жұмысына қатысты.
Қазақстандық делегация құрамына Э. Байжүнісов, м.ғ.д., профессор, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Басқарма төрағасы; Б. Есекина, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жасыл экономика жөніндегі Кеңестің мүшесі, э. ғ. д., профессор, «Жасыл Академия» ҰБО директоры кірді.
Пленарлық отырыс барысында таулы экожүйелер мен халық денсаулығы үшін климаттың өзгеру қаупінің артуы, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің климаттық тұрақтылығын арттыру үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді.
Конференция қорытындысы бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы ғылыми зерттеулерді жетілдіруге, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Орталық Азияда цифрлық климаттық хаб құруға бағытталған қарар қабылдау жоспарлануда.